ҚР ҰҒА академигі Игорь Васильевич Северскийге 90 жыл

2026 жылғы 17 тамызда сағат 11:00-де Алматы қаласы, Байзақов көшесі, 303 мекенжайындағы «БҰҰ Плаза» ғимаратында ЮНЕСКО аясындағы 2-санаттағы «Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы» ЖШС көрнекті қазақстандық географ – ҚР ҰҒА академигі Игорь Васильевич Северскийдің 90 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өткізді.

Игорь Васильевич Северский – әлемге танымал ғалым, ҚР ҰҒА академигі, география ғылымдарының докторы, профессор, әлемдегі бірегей ЮНЕСКО аясындағы 2-санаттағы «Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы» ЖШС-нің (бұдан әрі – Орталық) ғылыми жетекшісі, География институтының құрметті директоры, ЮНЕСКО-ның Халықаралық гидрологиялық бағдарламасы жөніндегі Ұлттық комитеттің құрметті төрағасы, Дүниежүзілік мұздықтарды мониторингтеу қызметінің (WGMS, Швейцария) ұлттық тілшісі, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. «Құрмет» (2017) және «Парасат» (2023) ордендерімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2019) медалімен және басқа да наградалармен марапатталған. Ол – Қазақстандағы гляциологиялық ғылыми мектептің негізін қалаушы. Оның ғылыми жетекшілігімен бір ғылым докторы және 8 ғылым кандидаты диссертация қорғаған. И.В. Северский – ғылыми мұрасы ғылымның дамуына орасан зор ықпал еткен ғалымдардың бірі.

Оның КСРО Қорғаныс министрлігі мен КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Шекара әскерлері басқармасының мүддесіне арналған 15 жылдық зерттеулерінің нәтижелері жоғары бағаланды. Зерттеулер аясында жыл сайын өңірдің биік таулы аудандарына экспедициялар ұйымдастырылды, олардың қатарында екі Транс-Памир экспедициясы және Үлкен Кавказдың оңтүстік беткейі бойымен Каспий теңізі маңындағы Алазани өзені алабынан Қара теңіз маңындағы Кодори өзені алабына дейінгі Транс-Кавказ экспедициясы болды. Осы зерттеулердің нәтижелері КСРО Министрлер Кеңесінің сыйлығымен және «КСРО МҚК Шекара әскерлерінің үздігі» төсбелгісімен атап өтілді.

Игорь Васильевич Северский көшкінтану және гляциология салаларында бірқатар жаңа ғылыми бағыттарды қалыптастырып, қазақстандық ғылымның дамуына зор үлес қосты. Игорь Васильевичтің зерттеулері таулы өңірлер гидрологиясы, тау ландшафттарының гидрофизикасы, таулы аумақтардың қарлылығы мен көшкін қаупін бағалау мәселелері, гляциология, климаттың өзгеруі, жаңартылатын су ресурстарының қазіргі жағдайы мен болжамдық бағалауы мәселелерін қамтиды. Көпжылдық зерттеулердің нәтижелері тау криосферасын зерттеудің ғылыми негізіне айналған көптеген жарияланымдарда көрініс тапты.

Өзінің көпжылдық қызметі барысында Игорь Васильевич ғылыми міндеттерді шешуге бағытталған ұжым қалыптастырды. Бірқатар ғылыми жұмыстарды ол әріптестерімен және шәкірттерімен бірлесіп орындады. Игорь Васильевич Северскийдің еңбектері ғылыми ортада кеңінен мойындалып, іргелі география ғылымының дамуына елеулі үлес қосты.

 

Игорь Васильевич ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын (бұдан әрі – Орталық) құруға көп күш-жігері мен қажыр-қайратын жұмсады. Бұл – Қазақстан мен Орталық Азиядағы ғана емес, әлемдегі алғашқы осындай орталық.

Қазіргі уақытта Игорь Васильевич Северский ЮНЕСКО аясындағы 2-санаттағы «Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы» ЖШС-де қызмет атқарады және Қазақстандағы гляциологиялық зерттеулерге ғылыми жетекшілік етеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтой иесінің ғылыми қызметін жоғары бағалап, Игорь Васильевичті 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Президенттің құттықтауын ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының директоры, профессор Т.О. Балықбаев оқып берді.

Қонақтардың назарына мерейтой иесінің ғылыми қызметі туралы баяндамалар ұсынылды (Н.В. Пиманкина – география ғылымдарының кандидаты, Орталықтың Қар және мұздық ресурстары динамикасының мониторингі зертханасының жетекші ғылыми қызметкері және В.П. Благовещенский – география ғылымдарының докторы, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ «Табиғи қауіптер» зертханасының бас ғылыми қызметкері).

Одан әрі Игорь Васильевич Северскийдің атына дөңгелек үстелге қатысушылардың жылы лебіздері мен құттықтаулары айтылды: ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік офисінің директоры Амир Пиричтен, Т.О. Балықбаевтан, Ғылым және жоғары білім министрінің атынан «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы» АҚ (МҒТСҰО) Басқарма төрағасы Н.А. Қайнбаев сөз сөйледі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Президентінің атынан ҚР ҰҒА Пәнаралық ғылымдар орталығының басқарушы директоры Қ.Д. Әлиханов сөз сөйлеп, Игорь Васильевичке ҚР Ғылым академиясының 80 жылдығына арналған мерейтойлық медальді табыс етті.

Құттықтау сөз сөйлегендер:

М.В. Шахгеданова – профессор, Рединг университеті (Ұлыбритания);

«География және су қауіпсіздігі институты» АҚ өкілдері: Ж.М. Бірімбаев – қаржы директоры, А.А. Медеу – экономика ғылымдарының докторы, жобаларды басқару және цифрландыру жөніндегі бас менеджер, Геокеңістіктік экономика зертханасының меңгерушісі, А.А. Тұрсынова – А.А. Тұрсынов атындағы Су ресурстары зертханасының жетекшісі, география ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор;

Е.Ж. Мұртазин – геология-минералогия ғылымдарының докторы, У. Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты директорының орынбасары;

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері: А.С. Ақтымбаева – География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы, география ғылымдарының кандидаты, доцент және А.М. Артемьев – география ғылымдарының кандидаты, Рекреациялық география және туризм кафедрасы профессорының міндетін атқарушы;

Абай атындағы ҚазҰПУ өкілі Н.В. Ивлева – География және экология кафедрасының доценті, ол И.В. Северскийге жоғары оқу орнының құрметті түлегі ретінде университеттің естелік медалін табыс етті.

Игорь Васильевичтің атына геология-минералогия ғылымдарының докторы О.В. Подольныйдан, география ғылымдарының кандидаты, Орталық Азияның Өңірлік экологиялық орталығының қызметкері А.М. Кауазовтан және заң ғылымдарының кандидаты К.С. Кужукеевадан ізгі тілектер айтылды.

Сондай-ақ Игорь Васильевичтің атына Ресей Гляциологиялық қауымдастығының президенті А.Ф. Глазовскийден және Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының Басқарушы кеңесіндегі Ресей өкілі Г.А. Носенкодан (РҒА География институты, Мәскеу қ., Ресей Федерациясы), сондай-ақ Қырғыз Республикасы ҰҒА Су проблемалары және гидроэнергетика институтының директоры Р.А. Сатылкановтан (Бішкек қ., Қырғыз Республикасы) құттықтаулар келіп түсті.

 

Гляциологиялық орталықтың қызметкерлері Игорь Васильевич Северскийді айтулы мерейтойымен құттықтап, оған зор денсаулық, сергектік, көтеріңкі көңіл-күй, Қазақстан ғылымының игілігі жолындағы ұзақ шығармашылық ғұмыр, кәсіби қызметінде жаңа жеңістер мен жетістіктер, сондай-ақ ең батыл бастамалары мен жоспарларының жүзеге асуын тілейді.

 

 

 

Severskiy, CARGC

Там. 20, 2026