Халықаралық су ресурстарын басқару институтының (IWMI) өңірлік өкілі Барбара Януш-Павлеттаның сапары

2026 жылғы 16 ақпанда Халықаралық су ресурстарын басқару институты (IWMI) Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Барбара Януш-Павлетта ЮНЕСКО аясындағы 2-санаттағы «Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының» (ОАӨГO) өкілдерімен кездесті. Кездесу Алматы қаласындағы Орталықтың кеңсесінде өтті.

Орталық тарапынан кездесуге: директор Такир Балықбаев, халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Александр Егоров, зертхана жетекшілері Александр Кокарев пен Василий Капица қатысты.

Орталық директоры, профессор Т. Балықбаев Орталықтың қызметі мен жұмыс перспективалары туралы, соның ішінде бірлескен халықаралық жобалар және Water Tower Partnership (Су мұнаралары серіктестігі) бастамасы жөнінде баяндады.

Барбара Януш-Павлетта Халықаралық су ресурстарын басқару институты (IWMI) ұйымының Орталық Азия өңіріндегі қызметі, іске асырылып жатқан жобалары және алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Кездесу барысында Орталық Азияның таулы аймақтарындағы криосфера компоненттерін (мұздықтар, қар жамылғысы, мәңгі тоң және көмілген мұздар) өңірдің су және азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан зерттеудің маңыздылығы мен қажеттілігі талқыланды.

Барбара Януш-Павлетта криосфераны зерттеу, сондай-ақ климаттың өзгеруінің криосфера компоненттеріне әсерін өңірлік деңгейде бағалау саласында адами және институционалдық әлеуетті дамыту бағыттары бойынша IWMI мен ЮНЕСКО аясындағы 2-санаттағы «Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы» арасындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.

Кездесуге қатысушылар Орталық Азия елдерінің жас гляциолог-мамандарына арналған тренингті Орталықтың биік таулы стационарлары базасында ұйымдастыру мүмкіндіктерін зерделеуге, сондай-ақ ынтымақтастықты нығайту және криосфераны зерттеу саласындағы бірлескен жобаларды талқылау мақсатында мүдделі ұйымдардың жетекші сарапшыларының жұмыс кеңесін өткізу мүмкіндігін қарастыруға келісті.

Сонымен қатар тараптар Астана қаласында өтетін алдағы Өңірлік экологиялық саммитке дайындық және оған қатысу мәселелерін талқылап, өзара ынтымақтастық пен әріптестікті дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

Кездесу конструктивті және достық жағдайда өтті.

 

IWMI

Ақп. 16, 2026