ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының директоры Т. Балықбаев БҰҰ-ның Мұхит мәселелері жөніндегі үшінші конференциясына, сондай-ақ Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламаның (Ү

ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының директоры Т. Балықбаев БҰҰ-ның Мұхит мәселелері жөніндегі үшінші конференциясына, сондай-ақ Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламаның (ҮГБ) 50 жылдығы мен ЮНЕСКО Су ғылымдарының 60 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты.

 

2025 жылғы 9–13 маусым аралығында Францияның Ницца қаласында БҰҰ-ның Мұхит жөніндегі үшінші конференциясы (UNOC3) өтті. Бұл – мұхит мәселелеріне арналған БҰҰ-ның ең ірі форумы болып табылады. Іс-шараға 64 мемлекет пен үкімет басшылары қатысты.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев бастаған қазақстандық делегация қатысты. Делегация құрамында ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының директоры Т. Балықбаев болды.

UNOC3 ашылу салтанатында Франция Президенті Эмманюэль Макрон мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев өз баяндамасында Қазақстанның бастамалары туралы айтып өтті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған, мұздықтарды зерттеу және қорғау мақсатында жаһандық ғылыми орталықтарды біріктіруге бағытталған «Су мұнаралары серіктестігі» («Water Towers Partnership») бастамасы атап өтілді.

Конференцияның мақсаты – мұхиттарды, теңіздерді және теңіз ресурстарын сақтау мен оларды тұрақты пайдалану бойынша шұғыл және жүйелі әрекеттерді қолдау, сондай-ақ 14-інші Тұрақты даму мақсатын (ТДМ 14) іске асыруды жандандырудың жолдары мен тетіктерін айқындау болды.

2025 жылғы 10–13 маусым аралығында ЮНЕСКО аясындағы 2-санаттағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының директоры Т. Балықбаев Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламаның (ҮГБ) 50 жылдығына және ЮНЕСКО Су ғылымдарының 60 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысты.

Пленарлық отырыста ЮНЕСКО Бас директоры Одри Азуле ханым, Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, БҰҰ-ның су мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Ретно Марсуди (бейнежолдау), БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және ЕЭК Атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, сондай-ақ БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментінің (ДЭСР) Бас хатшысының орынбасары Ли Цзюньхуа және 10 елдің су ресурстарына жауапты министрлері сөз сөйледі.

Мерейтойлық іс-шаралар аясында су қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі ғылыми симпозиум, параллельді іс-шаралар, судың болашағына арналған диалог, «Ашық гидрология» форумы, экогидрологиялық симпозиум және криосфера ғылымдары форумы өтті.

Аталған іс-шараларға су ресурстары саласындағы жетекші сарапшылар, ғалымдар және азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Іс-шаралардың басты мақсаты – су қауіпсіздігі, жаһандық климаттың өзгеруі және судың тұрақты дамудағы маңызды рөлін талқылау болды.

 Әр түрлі мемлекеттердің өкілдері өз елдерінің секциялық іс-шараларын ұйымдастырды. Моңғолия ғалымдары «Су және шөлейттену» тақырыбында секция өткізсе, Қытай Халық Республикасының өкілдері – «Су ғылымы және ынтымақтастық» тақырыбындағы секцияны ұйымдастырды. Ал «Криосфера» секциясының теңұйымдастырушылары ретінде Тәжікстан, Корея және Жапония елдері қатысты. Секциялық жұмыстарға экология және табиғи ресурстар министрлері, елдердің Төтенше және Өкілетті елшілері, сондай-ақ осы бағытта жұмыс істейтін сарапшылар қатысты.

Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламаның 50 жылдығына орай «Су – бұл өмір» атты мерейтойлық басылым жарыққа шықты. Бұл кітапқа ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының қызметі туралы мәліметтер енгізілді.

Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы ЮНЕСКО-ның Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасының белсенді қатысушысы ретінде танылып, «ЮНЕСКО Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасының 50 жылдығы» атты естелік белгімен марапатталды. Марапатты ЮНЕСКО Бас директорының жаратылыстану ғылымдары жөніндегі орынбасары Лидия Брито, ЮНЕСКО Су ғылымдары департаментінің директоры Абу Амани және ҮГБ Кеңесінің төрағасы Хельмут Хаберсак (Австрия) табыстады.

Сондай-ақ, Т. Балықбаев ЮНЕСКО Су ғылымдары департаментінің директоры Абу Амани мырзамен және ЮНЕСКО-ның гидрологиялық жүйелер, климаттың өзгеруі және бейімделу бөлімінің басшысы Анил Мишра мырзамен екіжақты кездесулер өткізді.

Кездесу барысында ОАӨГО директоры Орталықтың ЮНЕСКО-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан ағымдағы жобалары, соның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Water Tower Partnership» (Су мұнаралары серіктестігі) бастамасының практикалық мазмұнын әзірлеу барысы туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, Орталықтың болашақтағы дамуы мен ынтымақтастығының перспективалары талқыланды. Осы орайда Т. Балықбаев Орталықтың алдағы дамуын жоспарлау ісінде қолдау көрсету жөнінде өтініш білдірді.

2025 жылғы 13 маусымда ЮНЕСКО Бас директоры Одри Азуле ханым Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санаттағы орталық ретінде қызметін жаңғырту туралы Келісімге және ЮНЕСКО мен Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

 

Third United Nations Ocean Conference

Маусым 30, 2025