ПРЕСС-РЕЛИЗ

 

Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында «Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының ЮНЕСКО аясындағы 2-санаттағы орталық мәртебесін Қазақстанда қайта жалғастыру туралы» сегіз жылдық мерзімге келісімге қол қойылды. Қазақстан Республикасы Үкіметі атынан келісімге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ал ЮНЕСКО атынан – ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одри Азуле ханым қол қойды.

Сондай-ақ, ЮНЕСКО мен Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы арасында Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының ЮНЕСКО аясындағы 2-санаттағы орталық ретінде Қазақстанда қызметін қайта бастауына қатысты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

 

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының қызметі қайта жандандырылады. Мемлекет басшысы 2024 жылғы 12 сәуірде өткен Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің отырысында:
«Климаттың өзгеруін зерттеуге зор үлес қосып отырған өңірлік гляциологиялық орталық 2020 жылы Алматыда ЮНЕСКО шешімімен құрылған. Біздің ғалымдар тек мұздықтардың еруін зерттеп қана қоймай, сел тасқындары мен мұздықтар көлдерінің жарылуынан болатын қауіптерді төмендету жолдарын іздеуде.

Гляциологиялық орталықтың әлеуетін толық пайдалану қажет. … Енді Үкімет пен ЮНЕСКО арасындағы Гляциологиялық орталықтың қызметіне қатысты келісімді ұзарту мәселесіне ерекше назар аудару керек», – деді.

ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы (бұдан әрі – Орталық) 2020 жылы құрылып, ЮНЕСКО аясындағы әлемдегі жалғыз Гляциологиялық орталық болып табылады.

Келісімге сәйкес, Орталық гляциология саласындағы ғылыми зерттеулерді жүргізу, мұздықтар, қар жамылғысы мен мәңгі тоң күйінің жай-күйін бақылауға қатысатын түрлі ұйымдар арасындағы ғылыми-зерттеу қызметін үйлестіру және ақпарат алмасу, сондай-ақ Халықаралық гидрологиялық бағдарламаның мақсаттарына сай келетін гляциологиялық мәселелер бойынша өңірлік зерттеу бағдарламаларын енгізу және дамыту сияқты міндеттерді орындайды.

 ЮНЕСКО Орталықтың өткен кезеңдегі қызметін бағалай келе, оның жұмысын тағы 8 жылға қайта жандандыру туралы шешім қабылдады.

2025 жылғы 11–13 маусым аралығында Париж қаласында ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде жоғары деңгейде өткен Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламаның 50 жылдығы мен ЮНЕСКО «Су ғылымдары» бөлімінің 60 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында Орталық Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламаның белсенді қатысушысы ретінде танылып, «ЮНЕСКО Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасының 50 жылдығы» естелік белгісімен марапатталды.

Сондай-ақ, Орталық ЮНЕСКО бағдарламаларының іске асуына жәрдемдесіп, Орталық Азия мемлекеттерінің әлеуетін, техникалық сараптамасын және тәжірибесін ілгерілету мен бірлесіп пайдалану мүмкіндіктерін ұсынады, өңірлік желілерді құруға атсалысады және ресурстық орталық ретінде жұмыс істейді.
Орталық «Криосфера» (ҒЭҚ–БҰҰДБ–ЮНЕСКО), GLOFCA (ЮНЕСКО және Бейімделу қоры) және басқа да бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға қатысады.

Келісімге қол қою Орталыққа алдағы сегіз жыл ішінде Қазақстан үшін аса маңызды болып табылатын – таулы мұздық жүйелерін жедел мониторингілеу, трансшекаралық бассейндердегі мұздықтардың ауданы мен көлемін бағалау және олардың өзгеру үрдістерін анықтау сияқты зерттеулерді жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл – елдік және өңірлік деңгейде су ресурстарын басқару жөніндегі шешімдерді қабылдаудың негізі, әрі елдің су қауіпсіздігімен тікелей байланысты.

Келісімде сондай-ақ Орталықты корпоративтік басқару және оның қызметін қамтамасыз ету қағидаттары айқындалған. Бұл Орталықтың ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметін тиімді жүзеге асыруына, сондай-ақ ЮНЕСКО, Халықаралық су қауымдастығы және басқа да құрылымдардың іс-шараларына белсенді қатысуына мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, Келісім 2025 жылы – Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған «Мұздықтарды сақтау жөніндегі халықаралық жылда» қол қойылып отыр. Бұл құжат Қазақстан мен Орталыққа Мұздықтарды сақтау жылы аясында, сондай-ақ 2025–2034 жылдарға арналған «Криосфера ғылымдарын қолдау бойынша істер онжылдығында» маңызды іс-шараларды жүзеге асыруға және 2026 жылы Қазақстанда БҰҰ қамқорлығымен өтетін Өңірлік климаттық саммитті табысты өткізуге мүмкіндік береді.

«ЮНЕСКО аясындағы 2-санаттағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы» Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаев ұсынған мұздықтарды зерттеу мен қорғау мақсатында жаһандық ғылыми орталықтарды біріктіруге бағытталған «Water Towers Partnership» (Су мұнаралары серіктестігі) бастамасын жүзеге асыруға белсене атсалысатын болады.

 

ЮНЕСКО

Маусым 30, 2025