Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының қызметін ЮНЕСКО штаб-пәтерінде таныстырды
Париж, 2024 жылғы 5 маусым – Парижде өтіп жатқан Үкіметаралық гидрологиялық бағдарлама аптасының аясында алғаш рет 2020 жылы Алматы қаласында құрылған ЮНЕСКО қамқорлығымен Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының (CARGC) қызметі таныстырылды.
ЮНЕСКО-ның су мәселелері жөніндегі мекемелері қауымдастығының (UNESCO Water family) отырысында сөз сөйлеген CARGC директоры Такир Балықбаев отырыстың қатысушыларын Орталық қызметінің негізгі бағыттары, оның кадрлық және материалдық-техникалық базасы және өңірдегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі жұмыс контекстінде жүргізіліп жатқан негізгі ғылыми зерттеулерінен хабардар етті. Аталған Орталық бүгінде ЮНЕСКО жүйесінде гляциология саласындағы жалғыз ғылыми-зерттеу институт болып табылатынын және оның жұмысының өзектілігі жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты айтарлықтай өскенін атап өтті. CARGC-тің үш биік таулы стационарларында («Тұйықсу», «Жосалы Кезен» және «Үлкен Алматы көлі») мұздықтардың қалпын бақылау мақсатында 1956 жылдан бастап үздіксіз жиналатын бірегей деректер базасын сақтау мен тұрақты толықтырудың маңыздылығы жеке атап өтілді.
Қауымдастық отырысына Азия, Африка, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Американың 18 елінен ЮНЕСКО-ның су мәселелері жөніндегі кафедраларының және Ұйым қамқорлығындағы 2-санаттағы орталықтардың өкілдері, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның жаратылыстану ғылымдары секторының басшылығы қатысты.
Іс-шара ЮНЕСКО үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасы кеңесінің (IHP) жыл сайынғы апталағы шеңберінде өтті. Еліміз 2021–2025 жылдар кезеңінде IHP Кеңесінің мүшесі болып табылады. Отандық делегацияның құрамына IHP жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы, ҚР ҒЖБМ ҒК география және су қауіпсіздігі институтының геокеңістік экономикасы зертханасының басшысы Әлихан Медеу кірді.
Іс-шаралар барысында делегацияның IHP Хатшылығымен жұмыс кездесулері өтті, олардың шеңберінде ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігімен бірлесіп, мұздықтарға мониторинг жүргізу және зерделеу жөніндегі бірлескен жобаларды және CARGC мәртебесі бойынша ЮНЕСКО-мен келісімнің қолданылу мерзімін ұзарту мәселелері талқыланды.
1975 жылы құрылған ЮНЕСКО-ның Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасы БҰҰ жүйесіндегі су ресурстарын зерттеу мен басқаруға, сондай-ақ тиісті білім беру бағдарламаларына және осы саладағы мамандар мен ұйымдардың әлеуетін нығайтуға арналған негізгі халықаралық ынтымақтастық бағдарламасы болып табылады.
https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/region-news/details/19558
UNESCO
Маусым 5, 2024